Ақмола облысында баланы шымшып алған тәрбиеші жазаға тартылды

Ақмола облысының Атбасар ауданында баланы шымшып алған балабақша тәрбиешісі жазаға тартылды.

Атбасар аудандық сотында өткен сот процесіне қалалық мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты.

Онда жергілікті балабақша тәрбиешісіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша соттың қаулысы жарияланды.

Сотта белгілі болғандай, балабақша тәрбиешісі бес жасар баланы шымшып алып, дене жарақатын салған және денсаулығына жеңіл зиян келтірген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1-бабы 1-бөлігі).

Айыпталушының кінәсі мойындау айғақтарымен, бала өкілдерінің арызымен, сарапшының көгеру түріндегі баланың дене жарақатын анықтағаны туралы қорытындысымен расталды.

Жаза тағайындау кезінде сот жеңілдететін жағдайларды, яғни кінәні мойындау және сотталушының екі кәмелетке толмаған баласының болуын ескерді. Ал жас балаға қатысты жасаған құқық бұзушылығын ауырлататын жағдай деп таныды.

«Кәмелетке толмаған жас балалары болғандықтан қамауға алу мүмкін емес. Сол себепті, соттың қаулысымен 15 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды», — деді Ақмола облысы сотының баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар, сот Атбасар аудандық білім бөлімінің басшылығына жеке қаулы шығарды. Онда балабақша тәрбиешісінің құқықбұзушылық жасағаны және алдағы уақытта білім беру мекемелерінде осындайға жол бермеу қажеттігі назарға алынған.

Фото: pixabay.com