Су басқан Құлсары қаласының кейбір бөлігі газдан ажыратылған

Атырау облысында тасқын су басқан Құлсары қаласының кейбір бөлігі газдан ажыратылған.

Жылыой аудандық әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, бірнеше шағын ауданда газ беру тоқтатылған.

«Құлсары қаласындағы «Атырау», «Автожолшылар», «Достық» шағын аудандары мен 2-ауыл, музей маңындағы 3 қабатты 5 үй газдан ажыратылды. Ал, жер астындағы газ құбыры зақымдалып, су кіргендіктен 4 және 6-ауылдағы тұрғын үйлердің жартысына газ қосу мүмкін болмай тұр», — деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

Құлсары қаласының басқа аумақтарында, аудандағы барлық елді мекендерде газ штаттық режимде беріліп тұр.

Қазір «Жылыойгаз» ЖШС-нің мамандары кесілген газ желілерін қалпына келтіру жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр.

Фото: Pixabay