Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев өңірлік соттармен су тасқыны мәселесін талқылады

Қазіргі кезде су тасқынының салдарынан өңірлерде ахуал күрделі.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бізде соңғы бірнеше онжылдықта мұндай көлемдегі су тасқыны болмағанын атап өтті. Су тасқынына байланысты 10 облыста жергілікті төтенше жағдай жарияланды», — деді А.Мерғалиев.

Жоғарғы сот органының басшысы Сот әкімшілігінің департаменттеріне сот ғимараттарын су басу қаупі туындаған жағдайда кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Олардың қатарында әкімдіктер жанындағы жедел штабтармен уақытылы өзара іс-қимыл орнату, сот істері мен материалдарын, қызметтік құжаттамаларды шұғыл эвакуациялау үшін су басу қаупі жоғары аймақтарда әрекет ету топтарын құру және т.б. аталды.

Отырыс барысында су тасқынының салдарын жоюға қатысты істердің ведомстволық соттылығы мен соттылығы мәселелері, сондай-ақ біркелкі сот практикасын қамтамасыз ету жайы талқыланды.

А.Мерғалиев соттар және СӘ бөлімшелері басшылығының назарын азаматтар арасында туындайтын құқықтық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігіне аударды.