Австралия соңғы 50 жылдағы ең қатты су тасқынын бастан кешуде

Австралияда жауын-шашын соңғы 50 жылдағы ең үлкен су тасқынына әкелді. Кем дегенде 18 000 адам үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды

Австралияның ең көне және халқы ең көп штаты Жаңа Оңтүстік Уэльсте өткен аптаның ортасынан бері тоқтаусыз жаңбыр жауып жатыр, деп хабарлайды CNN. Рекордтық мөлшердегі жауын-шашын бөгеттерді бұзып, өзендердің арнасынан тасыды. Штат астанасы Сиднейді су басу қаупі төніп тұр. Жергілікті биліктің мәліметінше, австралиялықтардың үштен біріне жуығы зардап шеккен аудандарда тұрады. Әзірге қаза тапқандар туралы мәлімет жоқ, бірақ су тасқынынан келген материалдық шығын орасан зор: жүздеген үй қирады, электр желілері үзілді, көптеген жолдар су астында қалды. 200-ден астам мектеп сабақтарын тоқтатты. Нақты залал әлі есептелген жоқ.

Жаңа Оңтүстік Уэльстің премьер-министрі Глэдис Бережиклиан Австралияның 1960 жылдардан бері мұндай су тасқынын көрмегенін айтты. «Қатты соққыға ұшыраған штат бөліктерінде бұл ғасырда бір рет болатын оқиға; басқа аймақтарда, мысалы, Хоксбери аймағында 50 жылда бір рет», — деді ол.

The Sydney Morning Herald басылымының хабарлауынша, су тасқынына байланысты COVID-19 вакцинациясын кейінге қалдыруға тура келді: вакцина жеткізілген елуге жуық емхана сумен бітеліп қалды, басқалары жабылуға мәжбүр болды. Көптеген пациенттер өз қабылдауларына келе алмады.