Шымкентте кір жуғыш ұнтақтарын заңсыз жасаумен айналысқан цех анықталды

Шымкентте кір жуғыш ұнтақтарының танымал брендтерін заңсыз жасаумен айналысқан жасырын цех анықталды. Бұл туралы Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли айтты.

«Осы жылдың 10 наурызында Шымкент қалалық әділет департаменті Полиция департаментінің көмегімен Қаратау ауданының аумағында белгілі брендтердің жалған кір жуғыш ұнтақтарын дайындаған заңсыз цехты анықтады. Тексеру барысында 10 келілік 102 дана «Ariel AQUA PUDRA» қаптамасындағы кір жуғыш ұнтақ, 9 келілік 20 дана «Tide AQUA PUDRA color» қаптамасындағы кір жуғыш ұнтақ және 50 дана «Миф AQUA PUDRA» орау материалы 50 дана тәркіленді. Алынған контрафактілік өнімнің жалпы салмағы 1 тоннадан асты», — деді ресми өкіл.

Оның дерегінше, «Procter & Gamble» компаниясының тауар белгілерінің құқық иесіне келтірілген залал негізінде азамат М-ге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 158-бабы бойынша іс қозғалды. Қазіргі уақытта әкімшілік іс Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.

«Жалпы, жыл басынан бері аумақтық әділет органдары шаруашылық жүргізуші субъектілердің қызметіне өзге тауар белгісін заңсыз пайдалану фактілері бойынша 25 тексеру жүргізді. Оның ішінде 24 тексеру нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнаманы бұзушылық анықталды. 1 тексеру бойынша бұзушылық анықталған жоқ. 12 субъект әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мемлекет кірісіне айыппұл санкциялары түрінде 1 121 102 теңге өндірілді. Азаматтық айналымнан жалпы сомасы 55 443 контрафактілік өнім алынды», — деді Талғат Уәли.

Фото: polisia.kz