Қазақстанда жыл сайын жасанды интеллект саласында 1 мың маман даярланады

Қазақстанда жасанды интеллект орталығы құрылады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінде жасанды интеллектті қолдану мәселелерін талқылау кезінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин айтты.

«Қазір жасанды интеллект орталығын құру жұмыстарына кірістік. Бұл орталық әлемдегі алдыңғы қатарлы тәжірибені пайдалануда тиісті платформа қызметін атқарады. Осы жұмыстар Astana Hub-пен бірге іске асырылады. Бұл жұмыстар аясында саладағы таланттарды даярлауға және адами капиталды дамытуға ерекше екпін қойылмақ», — деді Қ. Төлеушин.

Оның айтуынша, қазір осы салада білім беру платформасын әзірлеген Николя Садиракпен (ІТ білім саласында халықаралық деңгейдегі маман) келіссөз жалғасып жатыр.

«Біз жасанды интеллект саласында жыл сайын 100 стартапты іске қоса отырып, жылда 1000 жасанды интеллект маманын дайындауды мақсат етіп қойдық. Сонымен қатар, 2026 жылға қарай жыл сайын осы салада 1 миллиард доллар экспорттық кіріске қол жеткізу міндетін белгіледік», — деді вице-министр.