Солтүстік Қазақстан облысында тасқын суға дайындық кезінде заңбұзушылықтар тіркелген

13 ауданның 6-ында заңбұзушылықтар тіркелген.

Айыртау ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары тасқын су басатын елді мекендерден қар шығару жұмыстарын ұйымдастырмаған. Заң талаптарын бұза отыра, бұл ауданда жауапты тұлғалар облыстық және аудандық маңызы бар жолдарда су өткізгіш құбырларды тазалау жұмыстарын жүргізбеген. Осындай бұзушылықтар Ғ.Мүсірепов, Шал ақын, Есіл аудандарында анықталған.

Тимирязев ауданында инженерлік техника мен инертті материалды алуға шарт жасалмаған. Сонымен бірге Мамлют, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов аудандарының атқарушы органдары қорғаныш топырақ үйіндісін нығайту және су өткізгіш құбырларды орнату бөлігінде 2024 жылғы су тасқынына дайындық бойынша инженерлік жұмыстар жоспарының іс-шаралары орындамады.

Облыс прокурорының төрағалығымен өткен ведомствоаралық кеңесте атқарылып жатқан жұмыстар туралы жауапты лауазымды тұлғалар тыңдалды. Отырыс нәтижесінде су тасқынының қауіпсіз өтуіне және төтенше жағдайдың алдын алуға бағытталған кешенді жұмыстарды жүргізу туралы бірлескен шешім қабылданды.