Мәжіліс жаңартылатын энергия көздерін дамытуға қатысты құжатты мақұлдады

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау, электр энергетикасы және табиғи монополиялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының мақсаты – халықтың, шағын және орта бизнестің жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы проблемаларын шешу, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 мамырдағы электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте берген тапсырмасын орындау.

Құжат аясында Кәсіпкерлік кодекске, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне және «Электр энергетикасы туралы», «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» және «Табиғи монополиялар туралы» заңдарға түзетулер ескерілген.

«Атап айтқанда, «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша шағын ауқымдағы объект» деген термині енгізілді. Бұл норма жаңартылатын энергия көздерінің шағын генерациясының мәртебесін неғұрлым нақты айқындауға және оны жаңартылатын энергия көздерінің ірі коммерциялық бизнес-жобаларынан ажыратуға мүмкіндік береді. Екіншіден, жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымдағы объектілерінің ең жоғары қуаты 200 кВт дейін ұлғайтылды. Түзету ірі бөлшек тұтынушыларға өздерінің шағын ауқымды жаңартылатын энергия көздерінің объектісі есебінен электр энергиясына деген өз мұқтажын барынша қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов.

Оның айтуынша, нетто-тұтынушы жеке тұлғалар дара кәсіпкер ретінде тіркелу міндетінен босатылады. Бұл толықтыру азаматтардың жаңартылатын энергия көздерінің шағын ауқымдағы объектілерін пайдалану процесіндегі бюрократияны айтарлықтай азайтады және тіркеуші органдармен өзара іс-қимыл жасау қажеттілігін болғызбайды.

«Энергия беруші ұйымдардың электр желілеріне нетто-тұтынушылардың еркін қол жеткізуін және қосылуын қамтамасыз ету міндеті бекітілген. Норма энергия беруші ұйымдар тарапынан болатын қарсы іс-қимылдан нетто-тұтынушылардың мүдделерін құқықтық қорғау тәсілдерін кеңейтуге бағытталған. Бұдан бөлек, нетто-тұтынушылар электр энергиясын беру қызметтеріне ақы төлеуден босатылады, бұл қосымша және негізсіз шығындардың болмауына мүмкіндік береді», — деді депутат.

Оның пайымынша, заң жобасын қабылдау күнделікті өмірде жаңартылатын энергия көздерін белсенді енгізуге, қызмет көрсетудің перспективалы жаңа бағытын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, желілік инфрақұрылымды одан әрі эволюциялық дамытуға, елдің энергетика секторына инвестициялар тартуға ықпал етеді.

Фото: Kazinform