Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау басталды

Астанада бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев және оқиға болған гастро-орталықтың директорына қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды.

Іс елорданың Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Судья — Айжан Құлбаева.

Айта кетсек, алдын ала тыңдауға 80-ге жуық БАҚ өкілі қатысып отыр.

Соттың ақпаратында айтылғандай, күдікті Қуандық Бишімбаевқа ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы бойынша адам өлтіру, қасақана, аса қатыгездікпен адам өлтіру, Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы бойынша материалдық жағынан тәуелдi адамды жүйелі түрде ұрып-соғу немесе өзге де зорлық-зомбылық әрекеттері арқылы физикалық және психикалық қинау фактісі бойынша айып тағылып отыр.

Ал екінші күдікті Бақытжан Байжановқа (оқиға болған гастро-орталықтың директоры — ред.) Қылмыстық кодекстің 432-бабы бойынша аса ауыр қылмысты жасыру және Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша аса ауыр қылмыс жасағаны туралы хабарламау фактісі бойынша айып тағылған.

Фото: facebook.com/KuandykBishimbayev