«Westoil Software» ереуілге шыққандардың орнына жұмыссыздар қатарынан 20 адамды жұмысқа қабылдады

Жұмыссыздық тізімінде кезекте тұрған 20 азамат Westoil Software мекемесіне жұмысқа орналасты.

Компания директорының орынбасары Ақылбек Садуевтің айтуынша, жұмысқа орналасуға үмітті 75 азаматтың 20-сы әңгімелесудің барлық кезеңдерінен өтіп, жұмыстарына кірісті.

— Бірінші кезекте жұмыс тәжірибесі мен біліктілігі компанияның талаптарына сәйкес келетін 20 адам іріктелді. Қазіргі таңда олар жұмыс орындарына бөлінді, барлық құжаттарын жинап, физикалық тексеруден өткеннен кейін жұмыстарына кіріседі, — деді Ақылбек Садуев.

Компания заңсыз наразылық акциясын тоқтатуға ниеті жоқ адамдардың орнына кезең-кезеңімен мамандар жинайтынын атап өтті.

«Жұмысын жалғастырғысы келетін жұмысшылар бос лауазымдарға өзге азаматтар жұмысқа қабылданғанға дейін жұмысына қайта оралуына мүмкіндігі бар», — деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Фото: «Westoil Software» компаниясының баспасөз қызметі