Биыл 11 қосымша білім беру орталығы ашылады

Биыл Алматы қаласында, Маңғыстау, Ақтөбе, Қарағанды, Жамбыл, Қызылорда және Павлодар облыстарында 11 жаңа қосымша білім беру орталығын ашылады.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, бұл ұйымдардың ашылуы оқушыларға қосымша білім беруге және олардың таланттары мен қарым-қабілетін дамытуға мүмкіндік береді.

Министрлік балаларды қосымша біліммен қамтуды арттыру бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Өткен жылы  елімізде 9 қосымша білім беру орталығы ашылды. Биыл олардың саны тағы 11-ге артады. Жалпы 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын іске қосу жоспарда бар, — деп атап өтті Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова.

Айта кетейік, биыл балаларды қосымша біліммен қамтуды 85%-ға дейін арттыру жоспарлануда. Елімізде барлығы 1625 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді және әртүрлі бағыттар бойынша үйірмелердің 380 түрі ұсынылады. Оның ішінде ғылыми-техникалық, музыкалық, көркемдік-эстетикалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану, әскери-патриоттық, әлеуметтік-педагогикалық және басқа да үйірмелер бар.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі