Ақмола облысындағы алаяқ әйелден зардап шеккендер саны 45 адамға жетті

Бурабай және Бұланды аудандары тұрғындарының ақшасын жымқырған алаяқ әйелге қатысты қылмыстық істі тергеу шаралары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні одан зардап шеккендер саны 45 адамға жетті. 

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, Бурабай аудандық ПБ кезекші бөліміне соңғы бірер күнде бірнеше адам арызбен жүгінген. Зардап шегушілердің сөзінше, барлығы бір алаяқтық тәсілдің құрбаны болған.

Анықталғандай, алаяқ әйел банк алдында қаржылық қиындықтарға тап болған зардап шегушілерге несие алуға көмектесіп, оның тең жартысын өзі алып отырған. Артынша сол алған несиенің жартысын банкке өтемей кеткен. Әр түрлі жағдайларда залал 1 миллион теңгеден 13,5 миллионға дейін жетіп отыр.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Макинск қаласының 51 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Оның үстінен Қылмыстық кодекстің 190-бабы «алаяқтық» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Қазіргі кезде алаяқ әйелден зардап шеккендер саны 45 адамға жетті, олар Бурабай және Бұланды аудандарының тұрғындары», — деді ведомстводан.