Елімізде 57 су қоймасы салынады

ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапарымен келіп, су шаруашылығының проблемалары және су үнемдеу технологиясын енгізу мәселелері бойынша мәжіліске қатысты.

Министр бірінші кезекте су үнемдейтін технологияларды енгізу және суды тұтыну мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтті. Мемлекет бұл үшін субсидия көлемін ұлғайтуға және суармалы суға тарифті төмендетуге дейін барлық жағдайды жасайтынын мәлімдеді.

Аталған саладағы мәселелердің шешілуіне барынша қолдау көрсетілетінін айтқан Нұржан Нұржігітов, өңірдегі су үнемдеу технологиясын енгізу жұмыстарына оң баға берді.

Сондай-ақ, министрлік жұмысының негізгі бағыттары туралы айтты. Мәселен, Қазақстан бойынша жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 57 су қоймасын салу жоспарланып отыр, оның 20-сын Су ресурстары және ирригация министрлігі салады. Сондай-ақ 133 гидротехникалық құрылысты және 14 мың шақырымнан астам суару желілерін жөндеу жоспарлануда.

«Судың көлемі енді көбеймейді. Сондықтан осы бағытта жұмыстарға күш салынады. Елімізде су шаруашылығы саласын ауқымды трансформациялау негізінен үш бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – суды үнемдеу саясатын қалыптастыруға, сұранысты басқаруға, тазартылған сарқынды суды қайта пайдалануға түбегейлі жаңа нормативтік-құқықтық база құру. Содан соң, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңарту, озық су үнемдеу технологияларын енгізу, цифрландыру жүйесін күшейту. Сондай-ақ жаңа тарифтік саясат пен су үнемдеу мәдениетін енгізу. Үшіншісі – көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастықты күшейту. Еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат – Су кодексі және Үкімет қабылдаған Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы дайындалды. Су кодексінің жаңа редакциясында суды сарқылудан, ластанудан қорғауға басымдық беріледі. Су саласындағы жауапкершілік заңнамалық деңгейде күшейтіледі», – деді Нұржан Нұржігітов.

Фото: Түркістан облысы әкімдігі