Бейтаныс жігітті пышақтап өлтірген ақтөбелік 15 жылға бос бостандығынан айырылды

Ақтөбеде төбелес кезінде бейтаныс адамға екі рет пышақ сұғып өлтірген сотталушыға үкім шықты. Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды және 11,7 млн теңге материалдық және моральдық шығынды өтейді.

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру», Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» баптары бойынша іс қаралды. Іс материалына сүйенсек, былтыр шілде айында қаладағы дәмханалардың бірінде қыздар ұрысып, жанжалдасып қалады. Сотталушы өзі танитын және бейтаныс адамдар арасындағы ұрыс-керіске килігіп, күш қолданбақ болады. Сол кезде жақын маңдағы орындықта отырған жәбірленуші оның ашуға булыққанын көріп, арадағы келіспеушілікті шешу үшін көпқабатты үйге қарай ертіп кетеді. Оның бұл әрекетіне ашуланған сотталушы жиналмалы пышақ шығарып, екі рет сұғып алады. Сол кезде пышақ қыры жәбірленушінің күретамырын кесіп, ол жедел жәрдем көлігінің ішінде қансырап өледі. Сотталушыны тінту кезінде одан есірткі табылды.

— Сотталушы сотта өз кінәсін мойындамады. Ол адам өлтіру ойында болмағанын, керісінше қорғанғанын айтты. Бұл ісі үшін өкініп, жәбірленуші тараптан кешірім сұрады. Ал есірткі затын дәмханаға келер алдында такси ішінен тауып алдым деп түсіндірді. Прокурор 15 жыл бас бостандығынан айыруды сұрады. Сот үкімімен сотталушы 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот жәбірленуші тарапқа 11,7 млн теңге материалдық және моральдық шығын өндіруді міндеттеді,- деп хабарлады облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.