Оралда көктайғақта мұзға тайып жығылған 156 адам дәрігерге жүгінді

Орал қаласында көктайғақ салдарынан мұзға тайып жығылып, зардап шеккен адамдар көбейді.

БҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі мәлім еткендей, 12 ақпан күнгі сағат 08.00-ден бүгін сол уақытқа дейін мұзға тайып құлаған 137 адам жарақат пунктіне жүгінді.

«Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында 58 бала жәрдемді қажет еткен. Соның екеуі сынық жарақатымен ауруханаға жатқызылса, 56-сының денесі көгерген. Облыстық көпбейінді ауруханаға 34 адам жеткізіліп, 18-інің денесі көгерген. 15-і сынық жарақатын алған. Үш адам ауруханаға орналастырылып, 31-іне амбулаториялық ем тағайындалды. Қалалық көпбейінді ауруханада 45 адамның жетеуі (сынық) стационарға жатқызылды. 38-і амбулаториялық ем алады» деп хабарлады ведомстводан.

Сонымен қатар бүгін сағат 08.00-ден 10.00-ге дейін 7 адам қалалық, 11 адам облыстық ауруханаға түсті.

Сонымен қатар 1 бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілді.

Орал қаласы білім бөлімі көктайғаққа байланысты бүгін түстен кейін де сабақтың онлайн болатынын хабарлады.

БҚО ТЖ департаментінің мәліметіне қарағанда, тек Орал қаласы ғана емес, облыс бойынша да көктайғақ болып тұр.

Қазіргі сәтте өңірде жабылған жолдар саны 21-ге жетсе, соның 10-ы — республикалық, 11-і — облыстық жолдар.

Фото: Қайырбек Сариев