«Жастардың қалауына қарсы тұрмаймыз»

Бізде мемлекеттік рәміздердің насихаты өте төмен. Мемлекеттік ғимараттарда көк байрағымыз тұрғанымен, әнұран мен елтаңба көп көзге түсе қоймайды. Әсіресе, мемлекеттік идеологияға жауапты газеттер мен журналдардың мемлекеттік рәміздер туралы жазбайтыны, маңызы, мәні туралы кең түрде тоқталып айтпайтыны алаңдатады. Өкінішке орай, мұндай насихат мақалалар тек рәміздер күні, бір күндік акция сияқты сипатта өтеді. Одан кейін бұл тақырыпты қайта қаузаған, мақалалар топтамасын әзірлеген басылымды кездестірген жоқпын. Бұл дұрыс емес.

Қазақстан Республикасында тіркелген, осы аймақта тарайтын газеттердің барлығы мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарап, насихатын тұрақты жүргізуі керек. Жалпы, Қазақстанда тұратын азаматтардан біз мемлекеттік рәміздерді білуді, сыйлауды, дәріптеуді талап етуіміз керек. Ал жақында бірқатар жастардың елтаңбаны білмеуі, оны басқа елтаңбалардың арасынан айыра алмауы осы ақпараттандыру жұмысының әлсіздігінен дер едім.

Әрине, жастар тез танымаған соң, көп таңбаның арасынан өз рәмізімізді таппаған соң бұл бағытта сауалдың туындайтыны түсінікті. Мәселенің себеп-салдарына үңіліп жатқанымыз да сондықтан. Тіпті, осы сауалнама қорытындысына қарап елтаңбаның бет-бейнесін өзгерту керек пе деген көзқарасын білдіріп жатқандар да бар. Өз басым бүгінгі елтаңба талапқа сай деп ойлаймын.

Алайда «Кемелдікте шек жоқ» дейді Сократ. Даму болған жерде өзгерістің орын алатыны қалыпты жағдай. Мен он екі жыл көркем-графикалық факультетте декан болдым. Символ жасауды зерттеген, тамырына үңілген адаммын. Осы тұрғыдан алғанда елтаңбаға қатысты түрлі ұсыныс, көзқарастың айтылуы орынды. Дегенмен, кейінгі буын, келер ұрпақ елтаңбаны өзгерту керек, бұл рәміз біздің көңілімізден шықпайды десе олардың қалауына қарсы тұрмауыымыз керек. Келер ұрпақтың пікіріне де құрметпен қарағанымыз дұрыс.

Ал жалпы өзі басым мемлекеттік рәміздерге қатысты өзгерісті алдымен әнұранды өзгертуден бастағанымыз жөн дер едім. Әнұранның мазмұнын тереңдетуге, маңызын көтеруге біздің Ұлықбек, Темірхан секілді ақындардың қабілеті жетеді деп ойлаймын.

Ғарифолла Есім,

ғалым, философия ғылымының докторы, профессор,

Қазақстан ҒА-ның корреспондент мүшесі