Ақылбек Шаяхмет: «Әнұраннан қосалқы авторды алып тастайық»

Қазақтың көрнекті ақыны, қоғам қайраткері Ақылбек Шаяхмет алғашқы әнұранды өзгертуге қарсылық білдірген және де соған орай өлең шұмақтарын шығарған болатын, деп хабарлайды Ozgeris.info ақпарат агенттігі.

«Мен кезінде Әнұранды өзгертуге ашық қарсы шыққан адаммын. Мен ғана емес біраз адам наразылық танытты. Бірақ, бірінші Президентке жағынушылар халықтың пікірін елемей, өзгертіп жіберді. Сол кезде  Жұмекен Нәжімеденовке қосалқы автор болған Н.Назарбаев туралы мына өлеңді жазған едім.

«Бір шетіне жаңа шыққан ақшаның

Алақаны салыныпты патшаның.

Бекітілген Әнұранның өзіне

Өзгерістер енген дейді шап-шағын.

Әсем әннің авторлары кім екен?

Белгілі ғой…

Шәмші менен Жұмекен!

Жарты ғасыр шырқап келген сол әнге

Енді неге жармасады Нұрекең?

Патшамызды батыр, ақын, әнші қып,

Жатсақ та ешкім көрсетпейді қарсылық.

Екі ортада қылпылдайды басшылар,

Жоқ арада кете ме деп дау шығып.

Бір басына жетіп жатқан атағы,

Елбасының ел біледі шатағын.

Тірісінде әулие деуге дайынбыз,

Қабырғама осы ғана батады».

Кейін Президенттікке Қасым-Жомарт Тоқаев сайланған кезде, Мемлекет басшысының атына, ҚР Мәжілісінің депутаттарына әлеуметтік желі арқылы Әнұраннан қосалқы авторды алып тастайық деп хат жолдадым.

Қазіргі қалыптасқан ахуалға орай осы мәселені қоғам талқысына салған жөн деп ойлаймын.

Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің бет-бейнесі, елдіктің белгісі. Оны қайта-қайта өзгерте бергендіктен халықта сенім жоғалады, немқұрайлылық қалыптасады.  Халықтың Елтаңбаны танымай жатуы да осының айғағы.

Сондықтан «Жаңа адамдар» қозғалы жасаған сауалнамадан нәтиже шығарайық, қоғам болып талқыға салайық. Ұзын арқан, кең тұсауға салмай осы мәселені шеше алсақ ел де риза болар еді деген ойдамын.»