Атырау түрмесінде есірткі қылмысымен сотталған 33 әйел жазасын өтеп жүр

Атыраудағы әйелдер түрмесінде түрлі қылмыс жасағандар жазасын өтеп жүр. Олардың арасында есірткі қылмысымен сотталған 33 әйел бар, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр есірткі қылмысының алдын алу үшін 671 іс-шара өткізілген.

Есірткі және психотроптық заттарды тарату туралы ақпаратты қамтитын контенті бар 108 сайт пен басқа ресурстар бұғатталған.

«Адамзаттың болашағына балта шабатын қауіптің қатарында есірткімен байланысты қылмыс та бар. Әсіресе, өрімдей жасөспірімдердің есірткінің құрбанына айналғаны алаңдатады. Адам ағзасына тигізер зияны мен зардабын білсе де есірткіні тұтынушылардың саны азаяр емес. Есірткіге тәуелділіктің соңы қылмыс жасауға ұласады. Атыраудағы түрмеде есірткі, психотроптық және сол тектес заттарды заңсыз өткізіп, дайындағаны, тасымалдағаны, сондай-ақ, сақтағаны үшін әр өңірден сотталған 33 әйел жазасын өтеп жүр. Сотталушылардың жасы — 19 бен 40-тың арасында. Сот үкімімен оларға 5 жылдан 19 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы берілген» деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Фото: Pixabay