«Базардағы орынды 10 мың доллардан сатқан». Депутат Назарбаевтың қарындасын жауапқа тартуды талап етті

Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы Алматыдағы «Кенжехан» базарына қатысты даулы мәселені шешуді талап етті, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы

Бүгінгі депутаттық сауалыма әділетсіздіктің шырмауына шырмалып, шырғалаңнан шыға алмай қалған азаматтардың көз жасы себеп. Олар Алматының әйгілі барахолка базарында сауда жасайтын қандастар. Қақаған қыс пен ми қайнатар жазда, таң атысы кеш батысы контейнерде отырып сауда жасауға мәжбүр жандарды өзін қожайын сезінген екінің бірі келіп тонап жатыр. Бізге жолдаған мына хатында Кенжехан базарының саудагерлері бар мәселесін тізіп жазған. Бүгінге дейін құзырлы орындарға қанша арызданса да күштінің дүмі диірмен тартады демекші, қаналған қаржысын қайтара алмай келеді көпшілік, — деді депутат.

Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың АҚШ долларына сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай тек контейнердің паспортын берген. «Келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда 1000-ға жуық контейнер бар, әрі қарай есебін шығара беріңіздер.

Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100 пайыз үлесі «Митра «консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 миллион теңгеге сатылды делінеді. Жаңадан келген базар қожайындары саудагерлерге «контейнерлеріңді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деп талап қойған. Сонда ел 1 орынға 2 рет ақша төлеген. Амалсыз ақшасын берген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келесім» қағазы тапсырылған. Айтпақшы, келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген, ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңгеден төлеген. Ол ол ма, әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген және бір тәртіп шығыпты. Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе? «Төлемесе контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт, — дейді ол.

Саудагерлердің 3 талабы бар: Бір контейнерге 2 рет ақша төлеген жұрт бұрынғы немесе бүгінгі базар иесінде ақшаны қайтарып берсін дейді. Бір сауда орнына екі рет ақша төлеу ақылға сыймайды ғой енді. Ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолданылсын дейді. «Кенжехан» базарын Алматыдағы Мемлекеттік кірістер департаменті тексерген, соның нәтижелерін Қаржы министрлігі ұсынсын.

Жыл басында Қазақстанда 722 базар тіркеліпті. Соның бәрінде заңдылық толық сақталып отыр деп айта алмаймыз. Себебі ол жақтағы саудагерлерден де арыздар келеді. Осы депутаттық сауалды дайындау барысында Барахолкадағы «Рахат және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымдарын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базардағы заңдылықты тексеру керек деп есептеймін, — дейді Нартай Аралбайұлы.