Жайдарлы жайдарман ойынынан Ақмола облысының жастар кубогы-2023 өтті

Шараға Ақмола облысының үздік командалары және Астана, Қостанай, Петропавл қалаларынан командалар қатысты. Ойын бір сайыс сәлемедесуден тұрды. Жалпы аталмыш іс-шараға 1000-ға жуық адам қамтылды, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және қолдау, Ақмола облысында әзіл қозғалысын насихаттау және кеңейту, жастардың шығармашылық тұрғыдан өзін-өзі танытуына мүмкіндік беру, командалардың шығармашылық деңгейін арттыру мақсатында облыстық жастар-ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Ақмола облысының жастар кубогы-2023» жайдарлы жайдарман ойыны өткізілді.

«Тұтастай алғанда ойын өте қызықты әрі әсерлі өтті. Зал көрермендерге лық толы болды. Әр команданың белсенді жанкүйерлері қара терге шомылғандай шын жүректерімен өздерінің сүйікті командаларына жанашыр болып қолдау көрсеткені бірден байқалды. Өнерлі, талантты және белсенді жас ұрпақ қоғамның, жастар саясаты қозғалысының дамуына түрткі болатыны сөзсіз» — деп облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков атап өтті.

Ойын қорытындысы бойынша бірінші орынды – Красный яр ауылынан қатысқан «Достық 68» командасы жеңіп шықты. Екінші орынды – Астана қаласынан «Элита» командасы иеленсе, үшінші орын Ж. Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің студенттерінен құралған «Есте қалса» командасына бұйырды.  «Үздік ойыншы» номинациясы – Бисенбаев Рамазан иеленсе, «Көрермен көзайымы» номинациясы – Астана қаласы атынан қатысқан «Шабыт» командасы алды. «Сәтті дебют» номинациясының қорытындысы бойынша Қосшы қаласынан қатысқан команда жеңіске жетті.

Барлық командаларға қатысқаны үшін сертификаттар табысталып, әр жүлделі орынға ие болған командалар және номинация жүлдегерлері дипломдармен, ақшалай және тауарлық сертификаттармен марапатталды.