Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды

Алматыда хостелден өрт шығып, 13 адам қаза тапты.

Алматы қаласының ТЖД-ға 30 қарашада таңғы сағат 05:33-те Ади Шәріпов көшесіндегі хостелдің өртеніп жатқаны туралы ақпарат түскен.

Бірінші өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 7 минутта жеткен. Олар бірден ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесі хостелге айналған 3 қабатты тұрғын үйдің жанып жатқанын көрген.

Алдын ала ақпарат бойынша өрттің жалпы ауданы – 30 шаршы метр.

Өрт таңғы сағат 06:22-де сөндірілді. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, өрттен 13 адам қаза тапты. Олардың жеке басы анықталып жатыр. Адамдар көміртегі тотығымен уланудан қайтыс болған, – деп жазылған қалалық ТЖД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Өртті сөндіруге 46 маман мен 13 техника жұмылдырылды. Өрттің себебі мен адамдардың нақты неден қайтыс болғаны анықталып жатыр.

Ақпарат толықтырылады.