Жастарға арналған пайдалы дәріс

Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы жастарға арнап «BASTAU Talks» қоғамдық дәрісін өткізді, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо. Айта кету керек аталмыш шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп отырады.        

Жыл сайынғы «Bastau Talks» қоғамдық дәрісін өткізудің өзектілігі еліміздің стратегиялық міндеттеріне байланысты, атап айтқанда, әлемнің бәсекеге барынша қабілетті дамыған елдердің қатарына кіру, нарықтық экономиканы дамыту, ұлттық экономиканың жетекші күші ретінде кәсіпкерлікті жан-жақты қолдау. Қоғамдық дәрістің негізгі мақсаты — жастарды елімізде бизнес жүргізу мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру және ынталандыру.

Спикерлер ретінде «Асыл Ән» ұлттық музыка мектебінің негізін қалаушы және жетекшісі – Аслан Мұхамедьяров, «SAHAR» колористика және шаштараз салонының жетекшісі – Ксения Чепрасова, «Новопэк», «Гормолзавод», «Мобиопт» компанияларының, «Yasons» компаниялар тобы, «Комфорт Строй 2020» СК, «Индиго» дүкенінің маркетологы, А-Медиа агенттігінің digital негізін қалаушысы – Мадина Аздарова, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақмола облысы бойынша өңірлік филиалының бағдарламаларды ілгерілету жөніндегі бас менеджері – Ботагөз Хасенова және Қазақстан Республикасының «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының («Атамекен» ҚР ҰКП) қаржыландыру және мемлекеттік қолдау шараларын алу мәселелері бойынша жобаларды сүйемелдеу консультанты – Бақытжан Мұқанов шақыртылды. Сонымен қатар шараға, Көкшетау қаласының ЖОО және ТжКБ студенттері қатысты.

«Жастарға арналған бұл дәріс жұмыссыздықпен күрес және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша тиімді құрал болып табылады. Барлық қойылған міндеттерге қол жеткізу және ел экономикасының тұрақты дамуы үшін жас кәсіпкерлерді қолдауды есте сақтау қажет, себебі жас қазақстандық — елдің болашағы және «Стратегия-2050» жемісін жинаушылар болып саналады. Біздің елімізде «Damu» қоры әзірлеген жастар кәсіпкерлігін қолдау, «Атамекен» ҰКП бағдарламалары кең ауқымды жұмыс істейді» — деді дәрістің модераторы облыстық жастар-ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков.

Спикерлер өздерінің бизнес жолындағы өмірлерін баяндап, жастармен бөлісті.

«Аталған мектеп қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын, әндерін жастар арасында насихаттау мақсатында ашылған болатын. Айта кетейін, Қазақстан бойынша ең алғашқы музыкалық мектеп. Ұстаздар Көкшетау қаласының Біржан сал атындағы музыкалық колледжінен келіп дәріс береді.  Мектепке жас ерекшелігі 5 жастан бастап қабылдаймыз. Сондай-ақ, эстрадалық әндерді де айтуға үйретеміз. Ол үшін мектеп барлық музыкалық аспаптармен жабдықталған. Қазақтың әндерін заманға сай етіп эстрадалық тұрғыда айтып халыққа жеткізуге болады деп санаймын. Көптен күткен арманыма қол жеткізу үшін қолдаған жан-жарыма және жәрдемдескені үшін «Атамекен» ҰКП алғысымды білдіремін», — деді «Асыл ән» музыкалық мектебінің жетекшісі Аслан Мұхамедьяров өз сөзінде. Өз сөзінен кейін әнші барлық қатысушыларға арнап халық әнін орындады.

Шара соңында жастар спикерлерге өздерінің қызықтырған сұрақтарын қойып,  толықтай жауап алды. Әр спикерге ұйымдастырушылар тарапынан алғыс хаттар, ал студенттерге сертификаттар табысталды.