«Мен сені өлтірем, уәде берем»: Алматы сотында өгей шешесінің 7 жасар қызын қалай азаптағаны жайлы айтылды

Алматыда жеті жасар қызды ұрып өлтірді деп айыпталған өгей шешеге қатысты сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды. Мемлекеттік айыптаушы Балжан Тұрлыбектің қылмысқа жоспарлы түрде барғанын айтып отыр. Бұл жөнінде «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Үлкен дәретін ескертпестен жіберіп қоятын өгей қызы әбден мазасын алған соң, көзін құртып, өлімін жазатайым оқиғадай көрсеткісі келген. Мұндай сұмдыққа барған әйелдің ашуланшақ әрі қатігез екенін көршілері де растап отыр.

Сот отырысы прокурордың айыптау актісін оқумен басталды. Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, Балжан Тұрлыбек қылмысты тыңғылықты жоспарлаған. Өйткені өгей қызы үлкен дәретін ескертпестен бұтына жіберіп қоятын болған соң, оның киімдерін жуудан ығыры шығыпты.

“Балжан Тұрлыбек сол күні 10 жарым шамасында кәмелетке толмаған Закураевамен жалғыз қалады. Сөйтіп, ол Закураеваға жақындап, дәрменсіз күйін пайдаланып, жеткіншектің мойнынан ұстап алады. Осыдан кейін басын батареяға ұрады. Кейін жуынатын бөлмеге кіргізіп, тағы да басын қабырғаға ұрады. Иннерциямен Закураеваның басы кафельге соғылады. Осылайша жеткіншек дәрігерлер жеткенше жан тапсырған. Ал Балжан Тұрлыбек Бәкенге қыз кездейсоқ құлады деп айтқан”, – деді прокурор Данияр Тағаев.

Кезек-кезек мінберге шыққан жәбірленуші тарап пен куәгерлер бірауыздан 47 жастағы Балжан Тұрлыбектің өте қатігез ана екенін айтты. Яғни қыздың өліміне өгей шешесін кінәлады. Бірақ айыпталушының өзі баланың өліміне басын қатырғысы келмейтін сыңайлы. Қамқор екенін көрсеткісі келді ме, берген сыйлықтарын түгендеп шықты.

Өгей шешенің қылмысын жасырғысы келгенін прокурор ғана емес, марқұм Каринаның жақындары да тілге тиек етті.

“Бала қайтыс болғаннан кейін Балжан Бәкенге «Мен оны өлтіріп қойған сияқтымын» деп қоңырау шалған. Сөйтіп Бәкен үйге жүгіріп барады. Екеуі жедел жәрдем шақырмас бұрын сол кезде қайтыс болған жеткіншектің мәйітін жуындырып, нәжіске толған киімін кірге лақтырған. Егер дәрігерлер ертерек келсе, Каринаны мүмкін құтқарып қалуға болатын еді”, – дейді марқұмның туысы Екатерина Закураева.

Түркістан облысында 5 жасар қызды өлтірген педофил жазасын ең қатал түрме – «Қара бүркітте» өтейді

Мойнында 30-дан астам қылмысы бар: Бұрынғы тергеуші өзі ісін тергеген қызды зорлап, өлтірді деген айыппен сотталды
Бәкен дегені – қыздың туған әкесі. Әжесінің қолында болған қызын бірге тұрған әйелдің үйіне кіргізген де сол. Бірақ өзі алдыңғы сот отырысында да, бүгін де төбе көрсетпеді. Оның азаматтық некедегі әйелі Балжан Тұрлыбектің қатігездігін көршілері біледі екен.

“Балжан өте ашушаң. Бірнеше мәрте ол үйде шу болғанын естігем. Неше түрлі адам жиналып ішімдік ішеді. Бір-біріне боғауыз сөздер айтады. Тіпті ол үйде төбелестер де болды. Бәрін естідім. Негізі қыздың тәрбиесімен әжесі айналысқан. Карина әжесімен жүрсе көңілді, көпшіл болады. Ал Балжанмен бірге тұра бастаған кезде жеткіншек тұйық болып қалды. Өз қатарластарымен де ойнамайтын”, – дейді көршісі Наталья Матвеева.

Каринаны туған анасы бір жасында тастап кеткен. Қызды әжесі өсірген. Кейін немересін баласы алып кетеді. Қарт әйел ұлы мен келіні баласын көруге тыйым салғанын айтады.

“Мен оны ойын алаңында жолықтырдым. Ол маған жүгіріп келіп: “Әже, Балжан маған сені өліп қалды деді. Сен тірі екенсің ғой” деді. Содан өзін алып кетуді өтініп, жылай бастады. “Балжан мен Бәкен мені ұрады, күніне екі-үш рет таяқ жеймін. Мені алып кетші” – деді. Сол сәтте Балжан келіп, баланы ұстап алды да боқтай бастады: “Үйге келген соң, көресің осыдан. Мен саған уәде берем, мен сені өлтірем”, – деп еске алады әжесі.

Елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиға биыл 10 шілдеде болды. Жеті жасар Карина өгей шешесінің қолында төрт ай бойы тұрғанда әбден таяқ жеген дейді жақындары. Сөздерінше, ақыр соңында үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін қатігез әйел жеткіншектің басын қабырғаға ұрады. Қатты соққыдан миына қан құйылып, Карина бірден жантәсілім еткен. Жеткіншекті өлтірді деп айыпталған Балжан Тұрлыбек кезінде қоғам белсендісі болған. Енді кінәсі толық дәлелденсе 20 жыл немесе өмір бойына дейін темір торға тоғытуы мүмкін.