«Ол менің досым емес»: Балғынбек Имаш «Дикий Арман» туралы шындықты айтты

Айтыскер ақын Балғынбек Имаш халық арасында «Жабайы Ар­ман» атанып кеткен Арман Жұма­гелдиевпен танысқан кезін айтты. Бұл туралы “TalkLike” жобасында айтты. 

Ақын бұрын-соңды мұндай адамды танымайтынын айтты.

“Ыстамбұлға Айнұр бір кәсібінің тұсауын кесуге елімізден бір топ өнер адамдарын шақырды. Сол жерде таныстық. Оған дейін мүлдем араласып, сөйлескен адамым емес. “Арманға барды” деген әңгіме өтірік. Айнұрдың күйеуінің жолдас жігіттері екен, дастархандас болдық. Нұржан мен Айнұр ұйымдастырған басқосуларда жүздесіп тұрдық”, – дейді ақын.

Сондай-ақ, айтыскер ақын “Дикий Арман” батыр ма, блогер ма, бандит па деген сұраққа да сәл тосылып жауап берді.

“Соңғы кезде өте көп әлеуметтік желіде белсенді болып кетті. Соның қажеті де жоқ еді. Жарқыратып бәрін ашық жариялап жіберді. Кез келген дүние тыныштықты жақсы көреді. Әлеуметтік желіге үйің мен отбасыңды, дүние мен ішіп-жегеніңді сала беру дұрыс емес. Қазақ көз бен сөзден қорғанған халық. “Көз тию – түйені қазанға, адамды қабірге түсіреді деген сөздің жаны бар. Арманмен бір жүздескенімде де осы туралы айтамын деп ойлап жүрген едім. Исламды араластырып, уағыз айтамын деп жүргенде ол өзіме уағыз айтып жіберді. Темір торда отырған кездерін айтты. Ер жігіттің басындағы сынақтың бәрінен өткен адам. Жалғызадамдық бөлмеде қанша жыл отырса да, мені сақтап қалған – Құран” деді. Сөзі мен ісіне қарап, қазаққа пайдасы тиетін адам ретінде көзім жетті. Елді сағынып, елім мен жерім деп жүргенін де байқап қалдым. Арманға пікірім дұрыс”, – деп сөзін аяқтады.