«Денесін жуған кісілер шошыды». Салтанат Нүкенованың ағасы сұмдық жайтты айтты

Павлодардың экс-әкімі Қайрат Нүкенов экс-министр Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан қарындасы Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты жаңа дерек айтты.

Ол журналист Болат Аманбаевқа берген сұхбатында қарындасының ажалына себепкер болған адамды кешірмейтінін айтты.

Байқаусызда өлтіріп алса, кешіруге болатын еді, бірақ біз оның қарындасымызды қалай мазақ еткенін көріп отырмыз. Былай барлық құбыжық істемейтін де шығар. Егер біз кешірсек, ол басқа адамды өлтіріп қоюы мүмкін, ол басқа қайғылы жағдай болар еді, — деді ол.

Қуандық Бишімбаевқа жасалған сараптамаға да сенбейтінін жеткізді.

Біз оған жасалған сараптамаға күмәніміз бар. Көбі ол есірткі қолданды дейді. Бірақ есірткі қолданғаны расталған жоқ. Тергеу оны жауапкершіліктен босатқысы келіп тұр. Мәйітті жуған кісілер мұндай жарақаттарды, дененің көгерген тұстарын бұрын-соңды көрмегенін айтады. Ол інісін шақырып, қарындасымыздың көз жұмғанын күтті деген болжам бар. Ол бөлмеге бірнеше рет кіріп, оның өлгенін тексерген, өлгеннен кейін ғана жедел жәрдем шақырған, — деді Қайрат Нүкенов.

Ағасының айтуынша інісі де өлім туралы хабарламағаны үшін емес, адам өлтіруге қатысқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы керек.