Шымкентте күйеуін пышақтап өлтірген әйел сотта ақталып шықты

Шымкентте өзін қорғамақ болып, күйеуін пышақтап өлтірген әйел ақталып шықты.

31 жастағы ер адам әйелмен азаматтық некеде тұрып, оны бірнеше рет ұрып-соққан. Әйел серіктесінен құтылуға тырысып, полицияға үш рет арызданған. Алайда, құқық қорғау органдары тарапынан айтарлықтай әрекет болмаған.

24 сәуір күні ер адам тағы да әйел тұратын пәтерге барып, мас күйінде әйелден ақша, темекі мен арақ-шарап талап еткен. Одан бас тартқан әйелге азаматтық некедегі күйеуі шабуыл жасап, мұрнын сындырған, содан кейін басын қабырғаға соғады. Әйел пәтерден қашпақ болған, бірақ ер адам оны жібермеген. Төбелес кезінде әйел асхана пышағын алып, өзін қорғау мақсатында күйеуінің кеуде тұсынан ұрған. Пышақ жүрекке тиіп, ер адам оқиға орында көз жұмған.

Тергеу барысында полицияға бұрын түскен арыз-шағымдардың барлығы қаралып, олар бойынша ешқандай шара қолданылмағаны анықталды. Сондай-ақ, айыпталушының денесінен көптеген дене жарақаттары табылды.

Сот оқиғаның барлық жай-жапсарын зерделей келе, қасақана кісі өлтірді деген айыпты алып тастап, сотталушының әрекетіне “өзін-өзі қорғау” деген баға берді. Оған ҚР ҚК-нің 102-бабына сәйкес бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесіліп, нәтижесінде әйел сот залынан тікелей босатылды.

Марқұмның туыстары 15 млн теңге моральдық және 800 мың теңге көлемінде материалдық шығын талап еткен. Істің барлық мән-жайын қарап, сот талап-арызды ішінара қанағаттандырды.