Таразда қыз алып қашқаны үшін сотталған азамат көпбалалы әке болып шықты

Таразда қыз алып қашқан екі жігіт 7 жылға сотталды. Ал оған көмектеспек болған досының 5 баласы бар. Оның жақындары жазаны тым ауыр деп отыр. Тіпті тараздық бойжеткен кешірім берсе де, жазаны мүлде жеңілдетпепті. Сондықтан қайта аппеляцияға арыз берген. Бұл туралы Astana арнасы хабарлайды.

Маңғыстаулық жігіт тараздық қызымен өткен жылдың көктемінде танысқан. Кездесіп сөйлесе келе үйлену туралы ұсыныс білдірген. Алайда қыз қарсы болған. Соған қарамастан ақпан айында жігіт ақтөбелік досын ертіп келіп, қызды көлікке күштеп отырғызады. Қыздың көмек сұрап айқайлаған дауысын естіген көршілері полиция шақырған. Олар көп ұзамай қаланың шыға берісінде қолға түскен.

«Жолдасы өтініп, “мен қызбен кездесіп жүрмін, бір дастарханда дәмдес болып отырмыз” деген, “қызбен кездесейік, келші” деген соң барған. Жаман ниетпен барған жоқ. Қызды бұрын көрмеген, сөйлеспеген емес. Қызбен кездесіп, сөйлесіп жүрген. 5 бала әкесіз жетім қалмақ. 7 жыл деген тым ауыр. Сондықтан жазасын жеңілдетіп берсе деп сұраймын», – деді айыпталушының әйелі Жанар Жанназарова.

Қызды алып қашуға еріп барған Қ. есімді азамат – бір отбасының жалғыз асыраушысы. Ал заң қадағалаушы орган өкілдері бұл ең төменгі жаза дейді.

«Аталған тұлғалар қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танып, әрқайсысы 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айрылды. Адам ұрлау дерегі бойынша ең төменгі жаза – 7 жыл бас бостандығынан айыру. Енді түпкілікті шешім аппеляциялық сатымен қабылданады», – деді Қалалық прокуратураның аға прокуроры Асылан Рақымбайұлы.

Қазір қыздың өзі де сотқа өтініш түсіріпті. Кешірімін берген, тіпті сырға салып, некелесетінін де айтқан. Айта кетейік, сот шешімі заңды күшіне енбеген. Бұл істің нақты нүктесі аппеляциялық соттан кейін белгілі болмақ.