21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға тыйым салынуы мүмкін

Елімізде 11-15 жастағы жасөспірімдердің 10%-ы вейптерді тұрақты түрде шегеді. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты.

Министрдің айтуынша, саламатты өмір салты дағдыларын қалыптастыру бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында 452 саламатты өмір салты кабинеті жұмыс істейді.

«Елімізде ересектердің 21%-ы темекі тартады, балалардың 20%-ында артық дене салмағы бар, оның ішінде 6%-ы семіздіктен зардап шегеді. Ал энергетикалық, тәтті сусындарды 17,5%-ы тұтынады. Темекіні тұтынуды азайту үшін биыл темекі өнімдеріне акциздің ставкалары көтерілді. Тұтынудың электрондық жүйелерінің (вейптер), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына толық тыйым салуды енгізу бойынша Мәжілісте заңға өзгерістер қарастырылды. 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салуды енгізу жөніндегі норманы талқылау рәсімі жүргізілуде» — деді министр.