Ақмола облысының отбасылары арасында байқау өткізілді

Халықаралық отбасы күніне орай, «Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығы» МКМ «Сенімен болашақ» РҚБ Ақмола облысы филиалымен бірлесе ұйымдастыруымен, қоғамның ең маңызды базалық институты ретінде әлеуметтік оң әлеуеті бар отбасының беделін арттыру, рухани-адамгершілік отбасылық құндылықтарды қалыптастыру, жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту, ата-аналарды ойын және шығармашылық қарым-қатынасқа тарту мақсатында Ақмола облысының отбасылары арасында «Отбасы – өмір аясы» атты байқауы өткізілді, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.

Байқауға Ақмола облысының отбасылары қатысты. Өңірден 20-ға жуық өтінім түсіп, тек 5 отбасы ғана ақтық мәреге өтіп, 3 адамнан құралған командалар бақ сынасты. Шара 2 кезеңнен тұрды. Ең алғашқы кезеңде, заманауи отбасының жағымды бейнесін, рухани-адамгершілік отбасылық құндылықтарды қалыптастыру және ата-аналар мен балалар арасында сенімді қарым-қатынас орнату мақсатында «Сенімен болашақ» РҚБ мамандары қатысушылармен жақынырақ танысып, олармен тренинг өткізді. Тренинг барысында отбасы құндылықтары жөнінде кеңінен ақпарат таратылып, ойларымен бөлісті. Ақтық кезеңде қатысушыларға арнап зияткерлік ойын өткізілді. Түрлі бағыт бойынша құрастырылған сұрақтарға қатысушылар белсенділік танытып жауап бере алды.

«Отбасы – мемлекетімізді құрайтын қоғамның ең маңызды бөлшегі. Сол себептен, облыстық жастар-ресурстық орталығы әрқашан отбасы күніне орай жас отбасылармен түрлі форматтарда, бағыттарда шаралар өткізіп отырады. Биылғы жылы біз, осындай байқау өткізуді жөн көрдік. Барлық қатысушыларға әсіресе Степногорск қаласынан арнайы келіп қатысқан Белгібаевтар отбасына ұйымдастырушылар атынан алғысымды білдіремін» — деп Ақмола облысы ЖРО жастармен жұмысты үйлестіру бөлімінің басшысы Асия Закенай өз сөзінде тоқталып кетті.

Байқау соңында 3-орынды Степногорск қаласынан қатысқан «Белгі» командасы иеленсе, 2-орынға Көкшетау қаласынан «Болашақ» командасы ие болды. Ал, тағы бір қаламыздың атынан қатысқан «Жұлдыздар» атты командасы жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.