«Энергетик емеспін». Вице-министр Екібастұз бен Риддердің жылу беру маусымына дайындығын айтты

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов брифинг кезінде Екібастұз бен Риддердің жылу беру маусымына дайындығын сөз етті, деп хабарлайды «Өзгеріс» ақпараттық-сараптамалық ұлттық порталы Адырна.kz-ке сілтеме көррсете отырып

Брифингке қатысқандар Екібастұздағы жөндеуден өткен магистралды сынау кезінде құбыр жарылғанын еске салды. Осыны алға тартқан олар вице-министрден «аталған қала тұрғындарының жылыту маусымында тағы бүрісіп, тоңуға мәжбүр болып жүрмейді ме» деп сұрады.

«ЖЭО-ны әлеуметтік мазутпен қамтамасыз ету жайын айта аламын. Бүгінгі таңда бағасы 115 мың теңгеден 263 мың тонна арзандатылған мазут жоспарланған. Біз бұл мазутты облыстарға бөлу кестесін бекіттік. Әкімдіктермен жұмыс жүргізілді, әкімдіктер қазір сатып алу жұмыстарымен айналысып жатыр немесе олар бұл жұмысты аяқтап, жылыту маусымына дайындалуда. Мазутпен жылытылатын ЖЭО мен қалалар маусымға дер кезінде дайын болады», — деді вице-министр.

Министр орынбасары өзінің энергетик емес екенін алға тартып, әріптестеріне сенім білдіретінін жеткізді. Ол Екібастұзда да, Риддерде де проблема туындамайтынын айтты.

«Менің әріптестерімнің, энергетиктердің айтуынша, бұл қалалар уақытында жылуға қосылуы тиіс. Шынымды айтсам, мен энергетик емеспін. Энергетика блогындағы әріптестерім адамдарды жылумен қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын білемін. Риддердегі ЖЭО-ның бүгінгі таңдағы мазут қоры 180 мың тоннаны құрайды, бұл — қазандықтарды іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізуге жеткілікті көлем. Қалған көмір қоры 8 000 тоннаны құрайды», — деп атап өтті спикер.