Қазақстандықтар 1 қаңтардан бастап саусақ іздерін тапсыруға міндеттеледі

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке куәлік пен паспорт алатын қазақстандықтар саусақ ізін тапсыруға міндеттеледі.

Бұл туралы Ішкі істер министрлігінде өткен брифингте Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы Нұржан Жанабаев айтты. Нұржан Жанабаевтың айтуынша, саусақ іздерін алу процесінен бас тартқаны жағдайда азаматқа Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 443-1-бабына сәйкес жаза қолданылады.

«12 жасқа дейінгі балалардан басқа, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары және Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктер дактилоскопиялық тіркеуге жатады. 12 жастан 16 жасқа дейінгі балалар дактилоскопиялық тіркеуден ерікті негізде өтеді. Саусақ іздерін алу Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жеке куәлікті, паспортты, шетелдіктің елде тұруға ықтиярхатты және азаматтығы жоқ адамның куәлікті ресімдеуі кезінде жүргізіледі», — деді Жанабаев.