Интернет ұстамайды: Түркістандық мұғалімдер күнделік толтыру үшін көшеде жүр

Kcell компаниясы Түркістан облысының Қазығұрт ауданына қарасты Аққұм ауылында интернеттің сапасыз болу себебін атады.

«Қазығұрт ауданы Алтынтөбе ауыл округі Аққұм елді мекеніне 2020 жылдың желтоқсан айында Kcell операторының базалық станциясы орнатылған болатын. Өкінішке қарай, жер бедерінің күрделілігіне және жердегі трансмиссияның болмауына байланысты – сол кездегі байланыспен қамтудың жалғыз мүмкін болар жолы спутник арқылы қосылу еді. Спутниктік трансмиссияда деректерді беру арнасы сапалы интернет байланысын қамтамасыз етуге жеткіліксіз», — деп атап өтеді компания агенттік тілшісінің сауалына орай.

Байланыс операторы абоненттерінің жылдам интернетке деген қажеттілігін түсінетінін және осы бағытта қажетті әрекеттерді жүзеге асырып келе жатқанын атап өтеді.

«Нақтырақ айтқанда, қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органмен ұйымдастыру мәселелерін шешіп жатыр. Байланыс операторы өз құрылғыларын орнатуы үшін жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылыммен, яғни антенна-діңгек құрылысын салып, оны электр энергиясымен қамтамасыз етуі тиіс. Сонда ғана байланыс операторы радиорелелік көпірді іске асыруға және ауылды сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады», — деді компаниядан.