Алматыда 28-29 наурыз аралығында жауын-шашын кезінде арық желілерінен 20 жүк көлігі болатын қоқыс шығарылды.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, қоқыстардың қатарында көлемді заттар – мультипісіргіш, кәстрөл, автокөліктердің тозған дөңгелектері табылды. Олар жаңбыр суының бітелуіне әкеліп, нәтижесінде үлкен су басу учаскелері пайда болған. Сондай-ақ, арықтар мен каналдарда жаялықтар мен тұрмыстық қалдықтар да табылып жатыр. Одан бөлек қала аудандарының бірінде автокөліктердің өтуі үшін газоблоктар қойылған арық табылды.
Айту керек, нөсер жауын басталғанға дейін барлық арық желілері алдын-ала тазартылған болатын.
«Қала тұрғындарынан су басудың алдын алу үшін арықтарға, каналдарға қоқыс пен тұрмыстық қалдықтарды тастамауды сұраймыз. Тұрмыстық қалдықпен бірге тасталған басқа да заттар (сынған термометрлер, мерзімі өткен дәрі-дәрмектер, дезодоранттар, ауа тазартқыштар, аэрозольдер, электронды құрылғылар, тұрмыстық техника, флуоресцентті шамдар, дөңгелектер, басқа да резеңкелі бұйымдар, жиһаз, ыдыс-аяқ және т.б.) қоршаған ортаға қауіп төндіретінін есте ұстаған жөн. Мұндай жағдайлар анықталған жағдайда бұзушылар ӘҚБтК-нің 505-бабы «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым объектілерін бұзу, қала мен елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдау» бойынша әкімшілік жауапқа тартылатын болады», — деп ескертті Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының көшелерінде тазалық пен жол қозғалысының қатысушыларына жайлы жүріп-тұруды қамтамасыз ету үшін 1000-нан астам жол жұмысшысы мен 500 арнайы техника жұмыс істеп жатыр. Күн сайын коммуналдық қызметтердің күшімен жүздеген тонна қоқыс пен тұрмыстық қалдықтар шығарылады. Осыған байланысты әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарынан қоршаған ортаға ұқыпты қарауды, коммуналдық қызметкерлердің еңбегін құрметтеуге шақырды.
Фото: freepik.com
ПІКІР ЖАЗУ