Келер жыл – отандастырымыз үшін жаңа қаржылық дәуірдің бастауы болмақ. Бұдан былай банкке кіріп, «кредит керек» деп жай ғана өтініш айту жеткіліксіз. Енді әр тиын санаулы, ал әр өтініш – тергеу секілді тексеріледі, деп хабарлайды ozgeris.info.
2026 жылдан бастап елімізде жеке тұлғаларға тұтынушылық несие беру талаптарына біршама өзгеріст енбек. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) банк мен микроқаржы ұйымдарға қатысты жаңа ережелер жобасын ұсынды.
Кредит беру кезінде енді қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) есептеледі. Яғни, табысыңыздың 50 пайызынан асатын ай сайынғы қарыз бар болса – сізге кредит жоқ. Талап автокөлік пен тұрғын үйге кепіл қойылған несиелерге ғана жүрмейді.
Егер соңғы 12 айда кредитті 90 күннен артық кешіктіріп төлесеңіз – ҚЖК автоматты түрде 0,25-ке дейін түседі. Бұл – «сізге енді сенім аз» деген сөз. Мұндай жағдайда жаңа несиеге жол жабық деуге болады.
Тағы бір тосын жаңалық: соңғы 3 жылда несиеңіз кешірілсе, қайта құрылымдалса немесе тіпті бір ай кешіксеңіз – 5 жылдан асатын тұтынушылық несие мүлде берілмейді. Ал банк оны берсе де, бұл аса жоғары тәуекел деп бағаланып, қаржы ұйымы мұндай несие үшін 3,5 есе көп қор жинауы тиіс. Басқаша айтқанда, сіз үшін банкке бұл – тиімсіз келісім.
Тағы бір маңызды шектеу – құмар ойындарға ақша шашатындарға қатысты. Егер жарты жылдың ішінде 300 мың теңгеден астам қаржыны букмекерлік кеңселер мен казиноларға кем дегенде 6 рет аударсаңыз – сіз «тәуелді» мәртебесін аласыз. Бұл жағдайда ҚЖК екі есеге қысқарады – 25%-дан аспауы тиіс. Демек, кредит алу мүмкіндігіңіз күрт азаяды.
Айтпақшы, «Жалақыңыз қанша?” емес, “Картамен қайдан, не алдыңыз?” деген сауал күтіп тұр. Банктер енді табысыңызды ғана емес, шығысыңызды, бала-шағаңыздың санын, тіпті шаштаразға қанша төлейтініңізге дейін есептейді.
— Соңғы 6 айдағы жалақы аударымдары,
— Зейнетақы қорына төлемдер,
— Дебеттік карта бойынша шығындар,
— Депозиттегі қозғалыс – бәрі ескеріледі.
Таксист болсаңыз – табысты растау қажет. Студент болсаңыз – стипендия туралы қағаз сұралады. Кәсіпкер болсаңыз – декларацияны ұмытпаңыз.
Елриза САЛЫҚҚЫЗЫ
ПІКІР ЖАЗУ
Пікірлерді көру