Ринат Рифхатұлы Заитовтың басшылығындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры 23 қазанда Жұлдызбек Жұманбайдың режиссерлігіндегі «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен Халық қаһарманы, КСРО, Қазақстанның Халық артисі, КСРО, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің 90 жылдық мерейтойына арналған «TЕАТРALL» II халықаралық фестиваліне қатысты.
Фестивальді ұйымдастырушылар: Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, Астана қаласы әкімдігінің «Nomad City Hall» МКҚК (Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры). Мақсаты: режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің 90 жылдығын мерекелеуге, оның есімін ұлықтауға, сондай-ақ режиссерлер арасынан кәсіби қолтаңбалары қалыптасқан үздік сахнагерлерді анықтау.
Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Астана қаласының «Жастар» театры, Семей қаласы «Дариға-ай» жастар театры, Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз Ұлттық академиялық театры, Өзбекстан Республикасының Джизак музыкалық театры және т.б. өнер көрсетті.
Шарада Театрымыздың артисі Әсет Есжан Әлібек рөлі бойынша «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясы бойынша, ал «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымы арнайы дипломмен марапатталды.
Сондай-ақ Театрға «ТҮРКСОЙ» халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының арнайы сыйлығы бұйырды. Директор Ринат Рифхатұлы Заитов «М.Әуезовтің 125 жылдығына» арналған арнайы төсбелгісін иеленді.
Құтты болғай!
Қуаныш Жұмабекұлы
«Алатау» дәстүрлі өнер театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі
ПІКІР ЖАЗУ