Ақтау қаласы әкімдігі аналарға маникюр жасауды үйретіп жатыр

Фото: www.gov.kz

Ақтау қаласы әкімдігі аналарға маникюр жасауға қажетті құрал-жабдықтар алып берген. Әзірге бұл қолдауға қанша қаражат жұмсалғаны белгісіз, деп хабарлайды «ozgeris.info».

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, жуырда Ақтауда 40-қа жуық көпбалалы және ерекше бала тәрбиелеп отырған аналарға тырнақ күтімі бойынша тегін шеберлік сағаты өткізілген. Бұл шараны «Мейірімді ана» қоғамдық қоры ұйымдастырған. Оған әкімдік қолдау көрсетіпті.

— Әкімдік оқуға қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Шеберлік сағаты «Жанұя» орталығында өткізілді. Ал аналарға  маникюрді арнайы кәсіби мамандар үйретті. Бұл өз кезегінде аналардың үй жағдайында табыс табуына берілген үлкен мүмкіндік деп білемін, — дейді «Мейірімді ана» қоғамдық қорының директоры Динара Көктаубай.

Екі апталық шеберлік сағатына қатысқан аналарға сертификаттар да табысталған. 

«ozgeris.info»