PhD диссертацияма материал іздеп бір британдық қордың архивіне барған ем. Өзі 200-ге жуық мүшесінің қайырымдылығына ғана күн көретін, мемлекеттен бір тиын алмайтын шағын мекеме. Басшысымен жолығып едім, алдағы уақытқа біраз жоспарлары бар екенін айтты және «неге дәл осы бағытты таңдап отырсыздар?» деген сұрағыма ол шешімдер «зерттеу нәтижесінде қолға алынбағын» айтты. Яғни арнайы академикті шақырып, мекеменің бағыты қандай болу керек деген зерттеу жасатқан. Ол мекеменің кітапхана, архивтерін ақтарып шығып, есеп дайындаған.
Ұлыбританияда ең шағын мекеменің өзі солай ғылымға сүйенеді екен. Ал біз мемлекеттік мәселелерді жеке адамдардың еркі мен көңіл-күйіне қалдырамыз.
1999 жылы Тони Блэрдің уақытында Ұлыбританияда жарыққа шыққан «Үкіметті модернизациялау» деген құжатта («Modernising Government») «Үкімет бір күндік емес, ұзақ мерзімдік және дәлел-дәйекке сүйенген, мәселенің симтомдарына емес, себебіне шешім табатын саяси шешімдер жасауға міндетті» делінген.
Содан кейін зерттеулердің саны артты, саяси белсенділер әр шешімге «бұған қандай ғылыми дәйегіңіз бар?» деп сұрайтын болды. Нәтижесінде зерттеумен айналысатын Campbell Collaboration деген мекеме пайда болды. Жалпы, Тони Блэр ғылымға сүйенетін әдет қалдырып кетті. EBP (evidence-based polycimaking) дейді оны. (Қазақстанда қабылданған кейбір бағдарламаларды да кезінде ғалымдар дайындап берген шығар, бірақ бәрі бір адамның ғана данышпандығынан деп насихатталды, орындалу сапасын былай қойғанда, нәтижесін көріп отырмыз).
АҚШ та, Ұлыбритания да ковид дағдарысы кезінде ғалымдарды үкіметтік кеңеске қосып, олармен тұрақты ақылдасып, ғалымдарды сөйлетіп, екі сөзінің бірінде «ғылыми кеңеске сүйенгенін» айтып ақ тер, көк тер болады. Бізде ол дағдарыстың басында ақпараттық вакуумды конспирологиялық теориялар басып кетті. Себебі біреу: ғалымдар ел алдына шықпады, жалпы қоғамда білім мен ғылым насихатталмайды, ғылымның абыройы жоқ, ғалымдардың материалдық жағдайлары да мәз емес, ал кейде билікке қолжаулық болып кетеді.
Айтпағым, ғылымға шындап ден қойсақ екен. Отандық академиялық ізденістердің сапасы да, мәртебесі де артса, ғылыми дәреже мен атақ әркімнің эгосын қанағаттандыратын нәрсе болып қалмаса, көп өзгеріс болар еді. Әлеуметтік, экономикалық, т.б, маңызды шешімдер ғылымға негізделсе, ал билік ғылымға құлақ асса, ғылым өндірістің катализаторы да бола алар еді.
ПІКІР ЖАЗУ