Бұл туралы 14 маусым 2023 жылы өткен Мәжілістің жалпы отырысында «Ақ жол» фракциясының депутаттық сауалын Қазыбек Иса жариялады. Сауалды Оқу-ағарту министрі Ғ.Бейсенбаевқа және Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д.Ахметовке жолдады, деп хабарлайды Өзгеріс.инфо.
Депутаттық сауалдың толық нұсқасын жариялауға дұрыс деп санадық.
«Парламентке келген Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы жалғыз қазақ мектебі — «Шаңырақ» мектебінің апатты жағдайы туралы ата-аналар хатын оқығанда, біз әлі Тәуелсіздік алмай, Кеңес одағы құрамында келе жатырмыз ба деген ой келеді.
550-дей қазақ баласы оқитын жалғыз қазақ мектебі өткен ғасырдың басында, 1936 жылы және 1952 жылы салынған екі тозығы жеткен, құлайын деп тұрған жайда отыр.
Кешегі Кеңес империясы кезінде, 1987 жылы Желтоқсан көтерілісінен кейін қазақ мектебін ашуға деген талап күшейіп, алдымен кешкі мектеп болып ашылған. Бірақ Тәуелсіздік алсақ та, жағдай сол Кеңес кезіндегіден оңалып кеткені шамалы…
Риддердегі 16 мектептің 1-еуі ғана қазақ мектебі, 12 –сі орысша мектеп, 3-еуі аралас мектеп. Қазақ елінде шаңырағы құлайын деп тұрған «Шаңырақ» қазақ мектебі 20 жылдан бері жаңа ғимарат сұрап зарлап келеді. Риддер қаласында қазақ тілді мектептердің жетіспеушілігінен қазақ балаларының оқуына дұрыс жағдай жасалмай, ел зардап шегуде.
Соған қарамастан, бұл қазақ мектебі білімі бойынша қаладағы ең үздік мектеп, Қазақстанның 100 мектебі тізіміне енген.
«Шаңырақ» мектебіндегі 550 баладан басқа тағы 700-дей бала аралас 4 мектепте оқып жатыр. Осыған байланысты өтініш берушілер аталған мәселені шешіп беруін, қазақ мектептердің ашылуын және жаңадан салынуын талап етуде.
2008 жылы «Шаңырақ» қазақ мектебіне жаңа ғимарат салуға жер де бөлінген. Бірақ құжаттар бұрмаланып, №6 шағынаудандағы жаңа мектеп ғимараты басқа аралас мектепке берілген. Ал 600 орындық ол мектепке бала толмай, 218 оқушы оқыған. Қаладағы 1200 –дей қазақ оқушылардың жартысы типтік емес, ескі апатты «Шаңырақ» мектебінде, жартысы қаланың әр жеріндегі 3 аралас мектепке қатынап барып оқып жүр. Қала билігінің қателіктерінен бұл мәселе өткір күйінде қалып тұр.
«Шаңырақ» мектебіне салынған жаңа ғимаратты «аралас» мектепке айналдырып жібергендер жауап беруі тиіс! Өйткені, мұндай мемлекеттік мүддеге қарсы шенеуніктер әр қалада жетеді. Олар әлі әкімдікте, білім саласында отыр.
2008 жылы қазақ «Шаңырақ» мектебін салуға жер телімін бөлу туралы қаулы шыққанда оған негіз керек болды. Әрине сол кезде мектептің апаттық мектеп екені туралы эксперт сараптамасы да, «Шаңырақ» типтік емес мектепте отырғаны туралы да құжаттар болды.
Кейін 2019 жылы қала билігі бұл сараптаманы да басқа құжаттарды да мектептегі жиналыста Риддер қаласы білім беру бөлімі басшысы Дәулет Ильясов өз қолымен алып кетіп, жоқ қылды. Содан кейін 2019 жылы жаңа қаулы шығарған. Ол қаулы бойынша 6 ықшамауданда салынатын мектеп 600 орындық мектеп болады деп көрсетілген.
- Қазақ мектебінің құрылысына бөлінген жер мен қаражатты қандай саясатпен халықтан ұрлап, өтірік қажеттілік тудырып, басқа мектеп ашып отыр?
- Былтыр салынған 600 балаға арналған жаңа мектепте 2018 бала оқып, әлі күнге дейін толтыра алмай отырса, неге «Шанырак» қазақ мектебіне бермейді? Бұл елдің каражаттын ашық тонау ғой?
Қабырғаңды қайыстырар қаптаған сұрақтардың ішінде әсіресе, осы Тәуелсіз және Әділетті Қазақстанның ұстанымына қарсы жасалған екі қарекетке кім кінәлі? Олар неге жазаланбайды? Облыс, қала әкімдері неге мемлекеттік мүддені қорғамайды? Осы сұраққа ашық жауап талап етеміз.
Осы біздің елде қазақ мектебін ашамыз десе, “аралас ашайық” деп, араласып шыға келетін құлсаналы шенеуніктерден қашан және қалай құтыламыз?
Риддердегі қазақша оқитын балалар мен ата-аналардың ұсынысын қолдап, талап етеміз:
- 2022 жылы жалғыз қазақ мектебі “Шаңырақтың” 600 баласына арналып салынған, бірақ әкімдіктің бұрмалауымен, 218 оқушы ғана оқыған №11 аралас мектепке беріліп жіберілген жаңа ғимарат заңды иесі «Шаңырақ» мектебіне берілуі тиіс! Сонда қаланың жеті ауданындағы әр аралас мектепке қатынап оқып жүрген қазақ балалары осында келіп оқитын болады.
- Қаладағы қалған төрт аудандағы төрт аралас мектепте оқып жүрген қазақ оқушылары үшін сол маңдағы №7 ықшамауданға салынатын “Жайлы мектеп” жобасы бойынша жаңа мектеп берілуі тиіс!
Әділетті Қазақстанға қадам басқанымызды ең алдымен балалар сезінуі тиіс».
0zgeris.info
ПІКІР ЖАЗУ