Көкшетауда жастар донор күнін жоспарлады

Ақмола облысы ішкі саясат басқармасы «Жастар-ресурстық орталығы» МКМ «Мен — донормын» қайырымдылық акциясын өткізуді жоспарлап отыр.

Іс-шараны өткізудің басты мақсаты – адамдарға қан қорын құру қажеттілігі туралы хабарлау және барлық бей-жай қарамайтын адамдарды ерікті негізінде донор болуға шақыру.

Қан – адамдардың денсаулығының өте маңызды элементі болып табылады. Донорлық қан әр сағат сайын, минут сайын қажет. Қаныңызды бөлісу дегеніміз біреуге өмір сүруге мүмкіндік беру. Донорлар 450,0 мл көлемінде қан тапсырады, дені сау адамның денесі үшін бұл көлемде қан тапсыру физиологиялық қауіп төндірмейді, сонымен қатар қан кету қаупі жоқ. Зерттеу нәтижелері мен сарапшылардың тәжірибесі донорлықтың адам денсаулығына өте пайдалы екенін көрсетеді.

Қайырымдылыққа арналған акцияға Ш. Уәлиханов атындағы университеті мен көпсалалы колледжі, А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті, Ж. Мусин атындағы жоғары қазақ-педагогикалық колледжі, Жоғарғы көпсалалы азаматтық қорғаныс колледжі, Көкшетау жоғары медициналық колледжі, Арна колледжі, Біржан сал колледжінің студенттері және «Esirtkisiz Bolashaq» КФ, «Қазақстан студенттер Альянсы» КФ белсенділері мен «Феникс» ВО волонтерлері қатысады.

Сонымен қатар, аталған акцияға кәмелеттік жасқа толған азаматтар қатыса алады.

Акцияға қатысушылар алдын ала қан тапсыру ережесімен танысуға және акция басталғанға дейін нұсқаулықтан өтуге міндетті. Ұйымдастырушылар қатысушылар үшін барлық жағдайларды жасап, акцияның өткізу кезінде олардың қауіпсіздігі мен денсаулығына жауап береді.

Өтетін орны: Көкшетау қаласы, Н.Назарбаев даңғылы 7 мекен жайында орналасқан облыстық «Қан орталығы».

Өткізу мерзімі: Ағымдағы жылдың ақпан айының 9 жұлдызы сағат 10:00-де.

 Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасы Ақмола облысы жастар-ресурстық орталығының баспасөз қызметі