Ақмола облысының 120 ауылына тарихи атауы қайтарылады

Мұрағат ісімен айналысатын  қазақстандық және ресейлік мамандар тарихи деректерге шолу жасау барысында орысша атауы бар елді мекендердің тарихи атаулары болғанын анықтады.

Олардың айтуынша, қазіргі Степногорск елді мекені бұрын Бесқарағай деп аталған, ал Макинк елді мекенінің Аютөбе деген тарихи атауы болған.

Мамандар осы сияқты 120 елді мекеннің тарихи атауы бар екендігін айтады. Мәселен, олардың ішінде Лозовое — Қосағалы, Златополье — Құмдыкөл, Бұланды ауданына қарасты Журавлевка мен Капитоновка ауылдары Қамыс, Айғай сияқты атауларын қайта иеленеді.

“ Ауылдарда осы бастамаға қатысты халықтың пікірін білу үшін жиындар өткізу жоспарлануда. Мәжілістен қолдау тапса, ономастикалық комиссия құрылып, өз жұмысын бастайды. Осыдай кейін барып, ресми түрде ауылдардың тарихи атауларын қайта бекітуге болады. Бұл жұмыстарға шамамен жарты жылдай уақыт кетеді”- дейді облыстық ішкі саясат басқармасының бас маманы Әсем Жұмағұлова.

Ал қоғам белсендісі, блогер Руслан Түсіпбековтің пікірінше, ауылдарға тарихи атауын қайт қайтару- бұл тарихи әділеттілік.

«Бірінші кезекте бұл демографиялық фактордың әсері деуге болады. Тарихи атаулардың қайта қолданысқа енуі көп нәрсені өзгертеді. Бұл жағдайда қазақ тілінің қолданыс аясы тек қана кеңейеді. Дегенмен мемлекеттің өзі батылырақ болуы керек. Конституцияның жетінші бабының екінші абзацына өзгертулер енгізу — кезек күттірмейтін мәселе. Қазақстанда бір ғана тіл әрі мемлекеттік, әрі ресми тіл, сонымен қатар, ұлтаралық қатынас тілі болуы керек. Ал қазақтардың балалары тек қазақ мектептерінде ғана мемлекет есебінен оқитын норманы енгізу қажет. Сонымен бірге, мемлекеттік балабақшаларды толығымен қазақ тіліне ауыстыру керек. Сонда ширек ғасыр ішінде толығымен қазақтілді ұрпақ өсіп шығады. Сонда еліміздің бүкіл халқы қазақтың мәдени-тілдік кеңістігінің бір бөлігіне айналды деп сеніммен айта аламыз», — дейді  Руслан Түсіпбеков.

 

Наржан МҰРАТ.