Ақбота Бейбітбек — жас ақын. 1994 жылы Түркістан облысы Шәуілдір ауданында туған. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
***
Сүйдік пе, сүймедік пе білмей алаң,
Қаласам мақтай кетем, тілдей алам.
Тіріскей болмысымды тәуір көрген,
Сен қайда қалдың екен Күнгей адам?
Түс кейіп тағдырымның сен өрнегі,
Құндақтап сан қиялға бөлер мені.
Төріне шығарып ем ерек көріп,
Көңілімнің көп адамға көгендеулі.
Дейсің бе осы сенің өр мінезің?
Көкірек тұсымдағы көрді көзім.
Еркіңде десең-дағы таңдағаның,
Жібермей ұстап қалар келді кезің.
Сипайды маңдайымды сәуір самал,
Сағыныш тамшылары-лағыл солар.
Жанымнан қандай жақсы,жарқыным-ау,
Көңілсіз сәттерімде табылсаң әр.
Болды ма құлшылығым, дұғам әлсіз?
Демеймін жұмыр басың жүр алаңсыз.
Зау болып тұрғанымен заманында,
Тау болып қалыптаспас құлаған құз.
Тұрғыздық есігі жоқ ойдан қамал,
Бір күні сәт туады бейғам болар.
Бақ ішін көлегейлеп тұр көлеңке,
Келер деп қайдан сәлем, қайдан хабар…
***
Кемірген ойлар жемірше мені,
Тарқамай шерлі өмір шемені.
Сыр ақтаратын, жылап қалатын,
Бұл көктем неткен көңілшек еді!
Емдермін жырмен ауырса жаным,
Шын қуанамын табылса бағың.
Құшып отырмын дертіме дауа,
Сирень аңқыған сәуір самалын.
Сағыныш желі ұдайы борап,
Сүйдің ғой сен де шынайы қалап.
Ал,шешіміңе берік болғайсың,
Жүрегіме келген құдайы қонақ.
***
Күмбірлетсе жаңбыр күйін,
Күңіренген кеудем әр күз.
Билеп жүрміз тағдыр биін,
Кейде жұп боп, кейде жалғыз.
Мұң дегенің тасқа да тән,
Мұң ақынға, гүлге тән іс.
Қайда сонау асқақ адам,
Бірде бөтен, бірде таныс?
Қояр едім Күнге сұрақ,
Жолдар едім Айға сауал.
Бірде жақын, бірде жырақ,
Сенген жандар қайда солар?
Қолда қалам, қолда парақ,
Ойларыммен болам араз.
Өмір неге жолдама хат,
Өлім неге қара қағаз?
Күмбірлетсе жаңбыр күйін,
Күңіренген кеудем әр күз.
Билеп жүрміз тағдыр биін,
Кейде жұп боп, кейде жалғыз.
Көбіне жалғызбыз…
***
Сен қайда жүрдің ?
Көп қызықтың ысырып тысқа бәрін,
Лебізіңе шөлдеген тұста жаным.
Тіл ұшымда күрмеліп сөзім небір,
Уысымда қалмады ұстағаным.
Мен қайда жүрдім?
Тағдыр тағы төбеңнен жай түсіріп,
Жұбатуға жарымай сай кісілік.
Мезгілдерді өткердік текке қалай,
Бізді ақтап алады қай түсінік?
Сен қайда жүрдің?
Бұрымымдай кесілген шақта бағым.
Мен қайда жүрдім?
Тіршіліктің кезгенде «Ақтабанын»…
Біз қайда жүрдік?
Бірге бармай, киноға, ән кешіне,
Кепіл қайсы сезімнің сөнбесіне?
Нөміріңе қоңырау шалғым келген,
Соңы түспей тұрғаны жөнді есіме.
Қоңырау шаларсың өзің…
*****
Маусым — ерке,
Шілде — қырсық,
Тамыз — тұйық,
Мендегі мінездің бұл– жиынтығы,
Тіл табысамыз, жоқ қой қиын түгi.
Жаз жасыруды білмейді,
асығуды білмейді,
басынуды білмейді,
Өтірік күлмейді.
Жаз– ыстық,
Ыстықты құштық.
Өзіме ұнайды осы бір Үштік.
Саған жақсы жаңалығым бар:
бүгін—жаз,
ертең—жаз,
бір айдан соң да–жаз.
Менің жазым—Сен!
ПІКІР ЖАЗУ