ҰҚШҰ елдерінің басшылары қандай құжаттарды қабылдады

akorda.kz

2024 жылғы 28 қарашада Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ ) Қауіпсіздік кеңесі өтті. Саммит қорытындысы бойынша ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары Қауіпсіздік кеңесінің Декларациясын қабылдап, бірнеше маңызды құжаттарға қол қойды, деп хабарлайды ozgeris.info.

Акорда таратқан ақпаратқа сәйкес, Тәжікстан мен Ауғанстан арасындағы шекараны нығайтуға арналған ҰҚШҰ-ының Мақсатты мемлекетаралық бағдарламасы бекітілді.

Сонымен қатар, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына байланысты арнайы мәлімдеме жасалып, 2025 жылы осы мерейтойды атап өтуге арналған іс-шаралар жоспары қабылданды.

«Саммитте қабылданған құжаттар Ұйым мен ұжымдық қауіпсіздік жүйесін кешенді дамытуға бағытталған және барлық мүше елдердің мүддесіне сай келеді», – делінген хабарламада.

Сол күні Астанада ҰҚШҰ — ының Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі және Қауіпсіздік кеңесі хатшылары комитетінің бірлескен отырысы өтті. Онда Қауіпсіздік кеңесіне ұсынылатын бірқатар құжаттар мақұлданып, одақтастық байланыстарды нығайту, сыртқы саясатты үйлестіру және Ұжымдық күштерді дамытуға қатысты шешімдер қабылданды.

Бұл саммит ұйымның ұжымдық қауіпсіздік жүйесін одан әрі дамыту мен мүше елдердің ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.