Қуандық Бишімбаев балаларының тегін өзгертуге келісім берді

Астанада азаматтық некедегі жары Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру ісі бойынша сот отырысы өтті. Бұл туралы Астана соты хабарлайды.

Назым Кахарман балалардың әкесінің қылмыстық жауаптылыққа тартылуын және қоғам тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында жағымсыз жарияланымдар салдарынан психологиялық ыңғайсыздық сезінетінін көрсете отырып, үш баланың әкесін ата-ана құқығынан айыруды сұрады.

Сонымен қатар, сот ата-ана құқығынан айыруға бірнеше тармақтар негіз болуы мүмкін екенін қосты:

ата-аналардың міндеттерін орындаудан жалтару,

оның ішінде алимент төлеуден қасақана жалтару;

ата-ана құқықтарын теріс пайдалану;

балаға қатыгездік көрсету, оның ішінде оған күш қолдану немесе психикасына зорлық жасау, оның жыныстық тиіспеушілігіне қастандық жасау;

құмар ойындарға, бәс тігуге, спирттік ішімдіктерге немесе есірткі, психотроптық заттарға және (немесе) сол тектестерге салыну;

ол өз баласының, жұбайының не отбасының басқа мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қарсы қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасауы.

Бірінші сатыдағы соттың шешімімен талап қоюды қанағаттандырудан бас тартылды, себебі жауапкер балаларға қатысты мұндай әрекеттерге жол бермеді.

Қылмыстық құқық бұзушылық отбасы мүшесіне қатысты жасалмаған.

Сондай-ақ сот әкесінің балалардың тегін өзгертуге келісім бергенін назарға алып, талап қоюшыға осы мәселемен АХАТ органына жүгіну құқығын түсіндірді.

«Аталған шешімге талап қоюшы шағым келтірді. Апелляцияда қарау кезінде жауапкер балалардың тегін өзгертуге және шетелге шығуға келісім берді. Апелляциялық саты сот шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот актісі заңды күшіне енді», — делінген сот хабарламасында.