Президент Жолдауын орындау аясында Олжас Бектенов су үнемдеу технологияларын енгізу есебінен суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуды тапсырды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында вегетациялық кезеңді өткізу қорытындылары қаралды.
Премьер-Министр биылғы вегетациялық кезең су ресурстарының тапшылығынсыз өткенін атап өтті. Сонымен қатар суды үнемдейтін технологияларды қолданудың маңызына тоқталды. Әсіресе, бұл мәселе Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін ерекше мәнге ие.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында экономиканың барлық салаларында, әсіресе ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын пайдаланудың маңызын атап көрсетті. Біздің елімізде үлкен су ресурстары жоқ. Суды үнемді жұмсау, бұл мәселеде халықты ғана емес, ең алдымен бизнесті ынталандыру өте маңызды. Сондықтан өңірлер су үнемдеу технологиялары бар егіс алқаптарын ұлғайту жөніндегі индикаторларға қол жеткізуге тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Су үнемдеу технологияларын қолдану жоспары асыра орындалған Қызылорда облысындағы оң нәтижелер айтылды. Өңір дәстүрлі түрде суды ең көп тұтынатын аймақ саналады. Биыл облыс суару тиімділігін арттыра алды, бұл судың едәуір көлемін үнемдеуге мүмкіндік берді
Олжас Бектенов бұл тәжірибені еліміздің басқа өңірлерінде қолдануды тапсырды. Сондай-ақ вегетациялық кезеңде су бөлу бойынша келіссөздерді сапалы жүргізу үшін көрші мемлекеттермен ынтымақтастықты күшейту қажет.
ПІКІР ЖАЗУ