Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында ХҚКО-ның бұрынғы қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол 15 адамды 200 миллион теңгеге алдаған, – деп хабарлайды Ozgeris.info.
Сот барысында сотталушы А. Шымкент қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығында бас маман қызметін атқарып жүріп, бірнеше жәбірленушілерге қатысты алаяқтық қылмыстарын жасағаны анықталған.
«Сотталушы А. 2022 жылы жәбірленуші К.-ға, алаңы 20,0800 га жер учаскесін оның атына жекешелендіріп беру, әрі қарай тестілеу орталығын ашып, бірге жұмыс жасау, одан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтерді арзан бағаға алып беру үшін алдап, аса ірі мөлшерде жалпы 113 000 000 теңгені алаяқтық жолмен жымқырған.
Қалған 14 көрініс бойынша көрсетілген тәсілмен 14 жәбірленушілерден мемлекеттік бағдарламалар бойынша пәтер алып беретінін айтып алдап, бірнеше рет аса iрi мөлшерде бөтеннің мүлкін жымқырумен алаяқтық жасап, жалпы 71 356 000 теңге материалдық зиян келтірген», – деді сотта.
Сотталушының кінәсі өз жауаптарымен, жәбірленушілердің жауаптарымен, заттай дәлелдемелермен, алу хаттамаларымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да іс бойынша жинақталған дәлелдемелердің жиынтығымен толық дәлелденеді.
Прокурор сотталушы А.-ға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған. Ал жәбірленушілер сотталушыға заңға сай, қатаң жаза тағайындауды сұрады.
«Сотпен, сотталушы кінәсін ішінара мойындағаны, шын ниетпен өкінбегені, 14 жәбірленушілердің аса ірі мөлшердегі талаптары жалпы 179 000 000 теңгеден асатын залал соммасы өндірілмегені және жәбірленушілердің кешірім бермегені, заңмен көзделген бас бостандығынан айыру, қатаң жаза тағайындау пікірлері ескерілді.
Сот, А.-ға ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деді сотта.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
ПІКІР ЖАЗУ