«Дзюдо жайына қалды». Жүлде алмаса да үшінші көлігін мінген Әбиба Әбужақынова талқыға түсті

Фото: instagram.com/stories/abiba48

Париж Олимпиадасында бесінші орын алған қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақыноваға тағы бір көлік сыйға берілді, деп хабарлайды Оzgeris.info.

Қазақстандық дзюдошының Instagram Stories-інде жарияланған видеоға сүйенсек, оған «Жеңіс» дзюдо клубының президенті атынан су жаңа автомобиль тарту етілген. Әбиба Әбужақынова Парижден оралғалы осымен үшінші көлікті сыйға алып жатыр.

Ең бірінші болып дзюдошыға «Республика» партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров көлік мінгізсе, кейін Атырау облысының әкімі де темір тұлпардың кілтін табыстаған еді.

Осы орайда желі қолданушылары Әбиба мотивациясын жоғалтып алды, деп жарыса жазуда.

«Машина алу үшін Олимпиадада жүлде алып керек емес екен, Әбиба сияқты жыртыңдап жүру керек», «Одан да Ербаян Мұхтарға көмектеспей ме?», «Дзюдо жайына қалды, үй бар, машина бар», «Ұтыла бер, осылай машина сыйлай береді», «Олимпиадаға аш бару керек, Әбиба барлық мотивацияны жоғалтып алды», «Медаль алып машина мінбегендер бар, әділетсіздік қой», деп жазды олар. 

Еске салайық, Әбиба Әбужақынова Париж Олимпиадасында 48 кг салмақ дәрежесінде белдесті. Ол қола жүлдеге таласта швециялық Тара Бабулфаттан жеңіліп, бесінші орын алған болатын. Әбужақынова Парижде аралас командалық сынға да қатысты. Бұл сайыста Қазақстан құрамасы Бразилиядан 5:2 есебімен жеңіліп қалды. 57 кг салмақта белдесетін дзюдошы қыз болмағандықтан, осы салмақта Әбиба ел намысын қорғап, Рафаэла Сильваға есе жіберген еді.