«Халықтың үй-күйсіз жүргеніне төрт айдан асты»: Ақтөбе облысының тұрғындары тасқын салдары жойылмағанына наразы

Фото: Ozgeris.Info

Осы көктемде қарқынды су тасқыны болып, еліміздің біраз өңірін ағын шайып кеткен еді. Бүгінде су тасқыны келтірген залалдың салдары жойылмай жатқан елді-мекендер баршылық. Солардың бірі – Ақтөбе облысына қарасты, Ырғыз ауданы, Нұра ауылы, — деп хабарлайды Ozgeris.Info.

Редакциямызға өзінің мәселесін айтқан Нұра ауылының тұрғыны жергілікті биліктің тапсырылған міндетті орындамай отырғанына қапалы.

«Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданы, Нұра ауылы түгел суға кетті. Билік жаңадан үй тұрғызып береміз деп уәде берген еді. Алайда мына сылбыр жүріспен халық жаңа үйіне қақаған қыста кіруі мүмкін. Құрылыс жүргізу жұмыстары уәде етілген кестеден кешігіп жатыр. Жұмыстың барлығы өте баяу жылжуда, қора-қопсы мәселесі мен Ырғыз-Нұра жолы да шешілмей тұр. Халықтың үй-күйсіз жүргеніне төрт айдан асты. Қосымша техника мен адам күші ауадай қажет», — дейді ауыл тұрғыны.

Қайрат Айжарқынұлы бүгінде ауылдан ауданға қатынаудың өзі мұң болып отыр дейді.

 

в
Фото: Ozgeris.Info

«Ырғыз-Нұра жолының сиқы адам шошырлық, шұрық тесік. Ең бірінші осы жолды дұрысап алу керек еді», — дейді ашынған тұрғын.

Құрылыс жұмысымен айналысып жатқандар бүлінген үйді жаңалау шаралары қазан, қараша айына дейін созылуы мүмкін екенін ашық айтып отыр екен.

«Құрылыс жұмыстарының жаз мезгілі біткенше аяқталмайтынын түрі бар. Үйлері суға кеткен ауыл халқы тоз-тоз болып әр жерде жүр. Бір бөлігі мектепке орналасса, енді бірі туыстарын паналап жүр, қалғаны пәтер жалдап тұруға мәжбүр», — дейді Қайрат Айжарқынұлы.

Тұрғындардың үйлерінен бөлек қора-қопсы мәселесі де шешілмеген.

«Қора-қопсы мәселесі де шешілген жоқ. Аудан әкімі өз ақшаларыңа салып алыңдар дейді. Біз сумен бірге ағып кеткен нәрсені қайдан табамыз? Қолымызда қора соғатын бір ағаш та жоқ», — дейді ауыл тұрғыны.

Сондай-ақ салынып жатқан үйлердің сапасы да сын көтермейтін болып шықты. Редакциямызға видео мен суреттер жолдаған ауыл тұрғыны құрылыста кеткен кемшілікті анық көрсетті.

п
Фото: Ozgeris.Info

Бұдан бөлек, ауыл тұрғындары суға кеткен үйдің иелеріне мемлекеттен беретін ақшаны да ала алмай отыр екен. Ал жергілікті атқамінерлер болса, жұмыс жүріп жатыр деген сылтаумен халықты әбден шаршатқан.

Естеріңізге сала кетейік, Ақтөбе облысында су тасқыны салдарынан 4087 жылжымайтын мүлік нысаны зардап шекті.