Қазақстан құрамасының бұрынғы боксшысы, 33 жастағы Мерей Ақшалов мемлекеттік жаттықтырушы атанды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев мәлімдеді, -деп хабарлайды ozgeris.info порталы Vesti.kz сайтына сілтеме жасап.
«Өткен аптада даңқты боксшы Мерей Ақшалов Қазақстан Республикасының бокстан мемлекеттік жаттықтырушысы болды. Бұл қызметте сәттілік тілеймін! Бокстың ел үшін де, әрбір қазақстандық үшін де орны бөлек. Сондықтан біз әрқашан әлемдік бокстан оқ бойы озық болуымыз керек», — деп жазды Абаев Facebook парақшасында.
Айта кетейік, Мерей Ақшалов денсаулығына байланысты мансабын 2014 жылы аяқтаған болатын. 2008 жылы Бейжіңде өткен Олимпиадаға қатысты, Astana Arlans командасы сабында Бүкіләлемдік бокс сериясында өнер көрсетті. 2013 жылдың тамыз айында Азия чемпионы атанса, қазан айында Алматыда өткен әлем чемпионатында жеңіске жетті. 2021 жылдың мамырында Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.
ПІКІР ЖАЗУ