Бэтменнің киімін киіп видео түсірген: Депутаттың әрекеті партияның абыройына нұқсан келтірмей ме

Бэтмен
Фото: видеодан скриншоттар

Өткен аптада Мәжіліс депутаты, Respublika партиясының мүшесі Руслан Берденов Астанадағы «Абу-Даби Плаза» төбесіне шығып, Бэтменнің киімінде суперқаһармандық позицияда видео түсіргені желіде қызу талқыланды.

Депутаттың осы әрекетіне қатысты әріптесі, Respublika партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров пікір білдірді.

«Біріншіден, бұл ешқандай Respublika партиясының іс-шарасы емес. Партияға қатысы жоқ. Бұл нақты депутат Руслан Берденовтің өзінің жеке бос уақытында түсірген видеосы. Ол әлеуметтік жобаға қатысты бір видео түсірген. Шыны керек, ол мен және партия мүшелерімен келіскен жоқ. Депутат та адам. Бос уақытын пайдаланған», – деді Айдарбек Қожаназаров.

Оның айтуынша, бастысы, әріптесі заңды бұзбаса болды. Ол «құптаймын, құптамаймын» деген баға бере алмайтынын айтты.

Ол бұл жағдай партияның беделіне еш әсер етпейтінін атап өтті.

Айта кетейік, бұған дейін мәжілісмен Руслан Берденов әйгілі комекс кейіпкері Бэтменнің костюмін киіп, Астанадағы ең биік ғимараттың үстіне шыққан видеосы тараған еді. Ол 1 маусым – балалар мерекесіне орай осындай қадамға барғаны туралы айтылған.

Желі қолданушылары депутаттың бұл әрекетіне оң баға беріп, «Олимпбэтмен» деп атап жатса, кейбірі «еріккен депутат» деп сынады.