Футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалына шыққан барлық команда анықталды.
Ширек финалдағы алғашқы екі ойында «Атырау» мен «Тобыл» жеңіске жетіп, жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды. Атыраулық команда «Қайратты» 3:1 тізе бүктірсе, «Тобыл» «Астанадан» 1:0 есебіен басым түсті.
Тағы екі кездесуде «Ордабасы» мен «Ақтөбе», «Елімай» мен «Қызылжар» сынға түсті.
Ел біріншілігінде көш басында жүрген «Ордабасы» мен «Ақтөбе» кездесуі өте тартысты кездесті. Ойынның негізгі кезеңінде есеп ашылған жоқ.
Овертаймның алғашқы минутында «Ордабасы» сапынан Евгений Макаренко өз командасын алға шығарды. Оған ақтөбелік клубтан Дорни Ромеро 105, Жайро Жан 117-минуттарда екі голмен жауап қайырды. Осылайша «Ақтөбе» қарсыласын 2:1 есебімен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Тағы бір кездесуде «Елімай» өз алаңында «Қызылжардан» 1:0 есебімен басым түсті.
Енді жартылай финалда 29 мамыр мен 19 маусымда «Тобыл» мен «Атырау», «Елімай» мен «Ақтөбе» кездеседі. Финал 29 қыркүйекке белгіленген.
Бүгінге дейін «Қайрат» 9 мәрте кубокты төбесіне көтерді. Ал, «Жеңіс» (Астана) мен «Астана» — 3, «Қайсар» (Қызылорда) мен «Ордабасы» (Шымкент) — 2, «Ертіс» (Павлодар), «Тараз», «Шахтер» (Қарағанды), «Восток» (Өскемен), «Ақтөбе», «Алматы», «Тобыл» (Қостанай), «Достық» (Алматы), «Елімай» (Семей) — 1 мәртеден кубок иегері атанды.
ПІКІР ЖАЗУ